Менің Қазақстаным

Менің Қазақстаным

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында Ж.Нәжімеденов шығармаларына арналған «Менің Қазақстаным» атты патриоттық кеш өткізді.

Шараға №36803 әскери бөлімі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің жетекшісі, майор Эльмира Отарғажықызы Мағзұмова, тәрбие бөлімінің идеология және арнайы насихат бойынша аға офицері Ермек Әділбекұлы Рахметов және «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» тәрбиеленушілері  мен №16 Төлубай Аманов атындағы мектептің мұғалімі Екпін Мұратұлы Чурчитбаевтың жетекшілігімен «Жас сарбаз»  сыныбының оқушылары қатысты.

Шара Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталды.

Кеш басында кітапхана қызметкері қазақ халқының ұлттық патриоттық рухын, туған жерге деген сүйіспеншілікті паш ететін Жұмекен Нәжімеденовтің әйгілі әні «Менің Қазақстаным» - жарты ғасырдан астам уақыт бұрын тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында жазылғанын айтты. Сонымен қатар, ақынның шығармашылық жолының басында, небәрі 21 жасында жазған жүрекке жақын, рухты оятқан сөздеріне Шәмші Қалдаяқов әуен жазып, кейін бұл жолдардың Қазақстан Республикасының Әнұранына айналғанын атап өтті.

Әнұранның жазылу тарихын әңгімелей отырып, кітапханашы бұл танымал ән көкіректе ұлтқа, елге деген бір ерекше сезім оятып, патриоттық күйге бөлеп, рух беріп шабыттандыратынын, сондықтан да болар 1986 жылы жастардың «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін шырқап алаңға шығуы кездейсоқ емес екенін тілге тиек етті.

Сөз кезегінде Майор Эльмира Отарғажықызы қатысушы жастарды өздерінің шыққан тегін, тамырын біліп, қастерлеуге, сондай-ақ бізге ұлы шығармаларын сыйлаған ақын-сазгерлердің талантын ардақтауға, рухани өсуге, кемеңгер болуға, кез келген кедергіні жеңіп, жаңа белестерді бағындыруға шақырды.

Әрі қарай, сөз алған Ермек Әділбекұлы «Менің Қазақстаным» әнінің тарихы мен автордың тағдыры туралы зерттеулер енгізілген Азбанбаев Мараттың «Менің Қазақстаным» атты кітабына тоқталып, елуінші жылдардың аяғында жазылған «Менің Қазақстаным» әні ұзақ жылдар бойы қазақстандықтардың көпшілігі үшін бейресми әнұран ретінде өте танымал болғанын айтты.  Жұмекен Нәжімеденовтің тамаша өлең жолдарын жаңа заманның шындығымен сәтті үйлестірген гимн мәтінінің тең авторы - Нұрсұлтан Назарбаев, ал көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың музыкасы өзгертілмей бастапқы қалпын сақтап қалғанын және бұл ән 2006 жылы ресми түрде бекітілгенін атап өтті. 

Кеш «Жас Ұлан» мектеп-лицей-интернатының тәрбиеленушілерінің арнау-әндерін орындаумен жалғасты.

Іс-шара соңы кітапханашының біз Әнұранымызды мақтан тұтатындығымыз, өйткені оның әуені мен сөздері халқымыздың шынайы рухын, бостандыққа ұмтылуды, Отанға деген жанқиярлық сүйіспеншілікті, бірлік пен болашаққа деген сенімін бейнелейтіндігі туралы қорытынды  сөздерімен аяқталды.