Ақын - елдің ардағы

Ақын - елдің ардағы

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері ақын Шәкір Әбеновтің «Шыңғыстау сазы» кітабы бойынша  «Ақын - елдің ардағы» атты поэзия сағатын өткізді.

Шараға әнші, сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың немересі, Республикалық дәрежедегі байқаулардың лауреаты Досхан Тұрсынғазы Сұңқарұлы, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің 3 курс студенті, шоумен, импровизатор, қалалық байқаулардың жүлдегері, ақын Әділет Құсман Әділұлы және №8 мектептің 8-9 сынып оқушылары қатысты.

Кіріспе бөлімде кітапханашы Шәкір Әбеновтің өміріндегі қиын кезеңдеріне тоқталып, небір зұлмат нәубеттерді Шәкір ақсақал көзімен көріп, қуғын-сүргінді, жазалау шараларын мойнымен көтеріп, неше рет сотталып, Ұлы Отан Соғысына қатысып жараланғанын, 1991 жылы толық ақталғанын атап өтті.

Әрі қарай Ш.Әбеновтің шығармашылық қызметіне тоқталып, ақынның есімі 1937 жылы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасы жарыққа шыққаннан кейін кеңінен танымал болғаны, 20-дан астам әндер мен күйлердің авторы екендігі, Абай жерінде өскен Шәкір Әбенов Абай әдеби мектебінің жарқын өкілі болғаны айтылды.

Сонымен қатар тарихи орындар мен халық аңыздары баяндалатын «Шыңғыстау сазы» дастандар жинағына енген үш дастаны:  «Ана махаббаты», «Патша мен байғыз», «Қорқыт қобызы» туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ ақын өз шығармаларында әділетсіз қоғамның тағдырын суреттеп, ізгілік бейнесін,  аналық асыл қасиеттер мен шынайы махаббатты аша түсетіні айтылды.

Поэзия сағаты барысында Досхан Тұрсынғазы Ш.Әбеновтің «Ой, дүние-ай, өкіндім», «Алтай аруы» әндерін домбырамен нақышына келтіре орындаса, Әділет Құсман ақынның «Шыңғыстау сазы» шығармасынан «Ана махаббаты» және «Қорқыт қобызы» дастандарын оқыды.

Іс-шара «Ақын - елдің ардағы» атты кітап көрмесімен танысумен жалғасты.