
Қалалық орталық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкерлері IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттері мен Әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен қоғамның рухани дамуына ықпал ету, кітап оқуды насихаттау, жастарды кітап оқуға баулу, кітапханалардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру және кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптармен таныстыру мақсатында «Кітап шаһарына саяхат» атты Ақпарат күнін өткізді.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері оқу қоғамның рухани өміріндегі басты тараптардың бірі болып табылатынын айтты. Кітапқа қажеттілік білімнің басты қайнар көзі. Тек кітап қана мəнді білім беріп, адамды терең ойлауға жетелейтін, оның әркез білімнің, ақыл-ойдың, парасаттың, азаматтық пен отансүйгіштіктің қайнар көзі болып қалатынын атап өтті.
Ақпарат күні бағдарламасы мазмұнды және ауқымды болды. Қатысушылар «Қызықтыру! Таңғалдыру! Оқыту!» слайд-тұсаукесерінің көмегімен ата-ананы құрметтеу, бала тәрбиесі, мейірімділік, өзін-өзі дамыту, мінез-құлық, адамгершілік, табыс, достық, экология, еңбек, жауапкершілік, әділеттілік тақырыптарындағы кітаптармен танысты.
Келесі кезекте кітапханашы кітап қорындағы Шабан Айдоғдудың «Оқы! Ойлан! Орында!», сондай-ақ, өзін-өзі дамытудың тиімді 25 әдісі баяндалатын Джен Синсероның «Сен мықтысың. Өзіңе күмәнданба, шалқып өмір сүр» тағы басқа психологиялық және мотивациялық шығармалармен кеңінен таныстырды.
«Кітап - алтын қазына» кітап-иллюстрациялық көрмесінде 100-ден астам әдебиет туындылары, оның ішінде халық қаһарманының жеке тұлғасы мен тағдыры баяндалатын «Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев» атты фотоальбом, асыл домбыраның тарихы, оның қазақ мәдениетіндегі орны мен маңызын ашып көрсететін Қ.Айтбаевтың «Сал домбыра» атты кітабы, сондай-ақ, Баян-Өлгей сыбызғышыларының өмірі мен шығармашылығы, күй, музыка өнеріне қатысты мәліметтер топтастырылған А.Хумарзахтың «Моңғолия қазақтарының сыбызғышылық өнері» туралы туындысы бар.
Көрмеде ұсынылған әдебиеттер оқырмандарға қызықты кітаптарды табуға, сондай-ақ бұрын оқығандарын есте сақтауға немесе жай ғана өз талғамына сай кітапты таңдауға көмектесті.
Ақпарат күні шара қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырып, жаңа авторлармен танысып, бұрын оқылмаған кітаптарын тапты.