СЕМЕЙДЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ЖАҢА ФОРМАТТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

СЕМЕЙДЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ЖАҢА ФОРМАТТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Семей қаласының тұрғындары Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізді. Күн мен түннің теңеліп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілерін шағын Алаштың астанасы қуана қарсы алды.

Мерекелік шаралар таңғы сағат 10-нан басталды. Мейрамның бас ордасы болған Орталық алаңда 30-ға жуық киіз үй тігіліп, театрландырылған қойылым қойылды. Күндізгі концертте «Музарт» және «Алашұлы» топтары ән шашуларын паш етті. Ал Арбатта жастар алаңы орнатылды.

Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық жарыстардан жүлдегерлер анықталды. Ауылдардың атауына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттарынан шағын мұражай ұйымдастырылды. Ақшаңқан қазақ үйлерді Семей қаласы әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жеке мекемелер, қоғамдық ұйымдар құрды.

Бас алаңнан бөлек қаладағы 8 алаңда мереке бір уақытта тойланды. Әуезов алаңы, Тері-былғары зауыты, Теміржол вокзалы, Силикат зауыты, Юность, Қарағайлы шағын ауданы, «Asimа» СҮ және Шығыс кентінің «Қамбар» СҮ-де киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар қойылды. Нәтижесінде қала көлемінде 50-ге жуық қазақ үй тігілді.

Сонымен қатар арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, кешкі концертте қала өнерпаздары, Қазақстан эстрада әртістері «Алашұлы», «Әдемі-ай» топтары және Қайрат Нұртас өз өнерлерін паш етті. Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған кешкі мерекелік шараны 50 мыңға жуық халық тамашалады.

 

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі