
Облыс орталығы — Семей қаласындағы Наурыз мейрамының шаралар легі орталық алаңда «Құтты болсын, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымымен басталды. Театрландырылған қойылым барысында «селт еткізер», «ат тергеу», «көрісу», «аластау» рәсімдері халық назарына ұсынылды. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, қала әкімі Талғат Мұратов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы «Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз-Наурыз күллі халыққа ортақ, жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді» - деп айтқандай, Наурыз — барша қазақстандықтардың сүйікті мейрамы. Ол халқымыздың болмысы мен дүниетанымын, бірлігі мен татулығын айшықтайтын, адамзатқа ортақ ізгілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн», - деді аймақ басшысы.
Орталық алаңда 30-ға жуық киіз тігілді: «Абай ауылы», «Ардагерлер ауылы», «Достық ауылы», «Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жылдығы», «Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл», «Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл», «Ілияс Есенберлиннің туғанына 120 жыл», «Шәкір Әбеновтің туғанына 125 жыл», «Жұмекен Нәжмединовтің туғанына 90 жыл» және т.б.
Сондай-ақ, Тері-былғары зауыты алдында, Қарағайлы шағын ауданында, «Asima» сауда үйінің алдында, Шығыс кентінде, Әуезов алаңында театрландырылған қойылымдар қойылып, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.