❗️«Қала тазалығына жауапкершілікпен қарауымыз керек»

❗️«Қала тазалығына жауапкершілікпен қарауымыз керек»

Семей қаласының әкімдігінде қала әкімі Талғат Мұратовтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Отырысқа бөлім басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Жиында бюджет қаражатын тиімді игеру, санитарлық тазалықты сақтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету жұмысы талқыланды. Көктемгі санитарлық-экологиялық екі айлық шеңберінде қала аумағын абаттандыру мен тазарту шаралары ұйымдастырылмақ. Әкім жиын барысында облыс әкімінің қаланы таза ұстау туралы тапсырмасына ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігін айтты.

«Қала тазалығына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қоршаған ортаны күтіп ұстау – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті», – деді Талғат Мұратов.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау мәселесі де қаралды. Қалада 13 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азамат тұрады. Олардың бос уақытын тиімді өткізуіне және мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беру үшін арнайы кітапханалар мен мекемелер жұмыс істеп тұр. Осыған дейін Талғат Мұратов арнайы клубтың жұмысымен танысқан еді. Кеңейтілген жиын нәтижесінде қала басшысы тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертті.