Этно-fashion

Этно-fashion

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері кітапхана оқырмандарының және Азаматтық қорғау жоғары колледжі студенттерінің қатысуымен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы аясында Ұлттық киім күніне арналған «Этно-fashion» атты ұлттық киімдер флешмобын ұйымдастырды.

Шара басында кітапхана қызметкері қатысушыларды Наурыз – табиғаттың ояну мерекесімен құттықтап, әр отбасына береке, амандық, денсаулық, толеранттылық және өркендеу тілей келе, ұлттық киім күні – бұл киім арқылы адамның өз даралығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның бірлігі мен мәдени әртүрлілігін қолдауға мүмкіндік беретіндігін, ұлттық киімнің маталарында өткеннің сұлулығы, сондай-ақ болашақта ұлттық ерекшелігімізді сақтаудың кілті жатқандығын, еліміздің мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналған ұлттық киім қазақстандықтардың ұлттық мінезі мен бірлігін бейнелейтіндігін айтты.

«Ахау Семей» ансамблінің жетекшісі Гүлғайша Аубакирова Наурызға шашуымен шараны жалғастырып, халықтық ансамблдің орындауында «Көзімнің қарасы», «Қараторғай», «Ахау, Семей» әндері шырқалды. №22 мектептің 10-сынып оқушысы Жания Әлібекова «Қамажай» биімен көрермендерді қуантты.

Кітапхана оқырмандары мен шара қонақтары Этно-fashion ұлттық киімдер көрсету іс-шарасына қатысты. Қатысушылар ұлттық киімдерді: тақия, ұлттық әшекейлер, ою-өрнекпен безендірілген киімдер, шапан мен корсеттерді ұсынды және киімдеріндегі этникалық элементтердің маңызын түсіндірді.

Озерка ауылдық округінің «Өнер» клубының өнерпаздары Майра Аманғалиқызының  жетекшілігімен «Сәулем-ай», «Әгугай», «Беу, айдай» әндерін нақышына келтіріп орындап, мерекенің сәнін келтірді. Сонымен қатар, «Ахау Семей» ансамблінің дуэті Сарқыт Қалиева мен Дәмеш Үкібаева «Айнамкөз», «Жадау көк» және «Ақ кербез» әндерін орындады.

Қазақ халқының бірде-бір мейрамы қазақтың ұлттық ойындарынсыз өтпеген, қатысушылар «Арқан тарту», «Асық», «Кім мықты?» ойындарына белсенді түрде қатысты.

Іс-шара кітапхана алаңына құрылған киіз үйде жалғасып, ұлттық тағамға толы жайылған ақ  дастархан ұсынылды, онда қатысушылар наурыз көже, ыстық палау мен бауырсақ, самаурында қайнаған ыстық шәйдан дәм татып, ерекше қуанышқа бөленді.

Іс-шара барысында қатысушылар алғыстарын білдіріп, Наурыз мейрамы бүгінгі күні адамдарды ізгі қарым-қатынас жасауға, достық пен үйлесімділікке баулитын мереке екендігін атап өтіп, бүгінгі шарадан көптеген жаңа әрі қызықты мәліметтер алғанын білдірді. Ақсақал Рақметолла Рақышев әрбір ізгі бастамаға сәттілік тілеп, батасын берді.

Іс-шара қорытындысында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз!» атты көрме-инсталляцияның таныстырылымы өткізіліп, онда кітаптар мен журналдар, ұлттық киімдер мен ыдыстар және басқа да ұлттық мәдениетке қатысты экспонаттар ұсынылды.