Қазақ халқының мәдени мұрасы дәріптелді

Қазақ халқының мәдени мұрасы дәріптелді

Семей қалалық Мәдениет сарайында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай кең көлемді мерекелік іс-шара өтті. Бұл шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және жас ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

Мерекелік жиын барысында қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салты мен дәстүрлерін паш ететін киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы көрме ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері киіз басу, зергерлік бұйым жасау, ағаш ою сияқты дәстүрлі өнер түрлерін көрсетіп, қатысушыларға шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге бауырсақ, қымыз, қазы-қарта сияқты қазақтың асханалық дәстүрінің үздік үлгілері ұсынылды.

Іс-шара аясында ұлттық өнерге ерекше көңіл бөлінді. Айтыс ұйымдастырылып, отты жыр мен тапқырлыққа толы сөз сайысы көрермендердің зор ықыласына бөленді. Жарапазан айтылып, қазақ халқының көне дәстүрлері қайта жаңғырды. Халық әндері орындалып, күмбірлеген күй шертіліп, қазақтың төл өнері жоғары деңгейде дәріптелді.

«Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз – ұлтымыздың рухани қазынасы. Бүгінгі шара – сол асыл мұрамызды жас ұрпаққа насихаттаудың, халықтың санасына сіңірудің жарқын үлгісі. Тек осындай игі бастамалар арқылы ғана ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізе аламыз», – деді Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Бахатова.

Сонымен қатар кеш барысында Мәдениет сарайының өнерпаздары жиналған қауымға ән мен күйден шашу шашып, қазақ биінің түрлі жанрларын орындап, көрермендерге тамаша әсер сыйлады. Ұлттық киім киген өнерпаздар сахнаның көркін ашып, қазақ халқының эстетикалық талғамын айшықтады.

Бұл шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпаққа салт-дәстүріміздің маңызын түсіндіруге бағытталған игі қадам болды. Ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын дәріптеу, ата-бабамыздан қалған мұраны насихаттау – қоғамның рухани кемелденуіне үлкен үлес қосатыны сөзсіз.