Әр мерекенің өзіне тән тарихы мен дәстүрі және қызықты деректері мен ерекшеліктері болады. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де өте ерекше мейрам. Бұл күн – таң қаларлық, көз тартарлық, нәзік әрі көп қырлы әйелдер және көктем мерекесі. Бұл мерекеде шаңырақтың тірегі, ошақтың ұйытқысы болып табылатын әйел-аналар дәріптеліп мадақталады.
Әйелдер - береке-бірліктің, қайырымдылықтың және мейірімділіктің бейнесі. Олардың арқасында отбасында - бақыт, ал қоғамымызда тыныштық орнайды. Қазақстан әйелдері - тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне орасан үлестерін қосып, мемлекет өміріне белсенді араласуда.
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында өткен түрлі мәдени шаралар әйел-аналардың дәл осындай қасиеттеріне арналды.
Атап айтсақ, Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Жұлдыз» клубы аясында «Қыздарға айтарымыз бар...» атты сырласу кеші өткізілді.
Шараға «Асыл әжелер» клубы мүшелері, Семей қаласының жастар ресурстық орталығының жас мамандары және Медицина университеті мен Рымбек Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі студенттері қатысты.
«Барлығымыз қыстың аязы, бораны кетіп, төбемізден күн шуағын молынан шашатын жылылық пен мейірімділікті бірге әкелетін көктем айындағы ең сүйікті мереке күні 8 наурызды асыға күтеміз», - деп шараны бастаған кітапханашы бұл күнгі құрметтің барлығы тек әйел-аналарымызға арналатындығын атап өтті.
Бұл тақырыпты қазақтың ұлы ақын-жазушылары М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ғ.Мүсірепов әдеміліктің махаббаттың, мейірімділіктің жаңа өмірдің бейнесі болып табылатын әйел аналардың сұлулығын шығармаларына арқау еткен. Ең асыл сөздер, қайталанбас жан толғанысымен жазылған өнер туындылары аналарға арналды.
Шараны «Асыл әжелер» клубының мүшелері жалғастырып, қазақ халқының терең тамырлы, өнегелі, әдеп-ғұрпын қыздарға жеткізе отырып, «Сәлемдесу» мәдениеті туралы сыр шертіп, әр шаңырақта құлпырып өсіп келе жатқан қыздарымыз ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азаматтарға қолдау көрсетіп, ұлттың ертеңін ойлайтын қылықты қыздарымыз көп болсын деп ізгі тілектерін білдірді.
Әрі қарай Семей қаласының жастар ресурстық орталығының жас мамандары мерекелік ізгі-тілектерін білдіре отырып, жас қыздарға арналған дәстүрлі кеңестерді ұсынып, денсаулықты қалай күту керегін, әдемі де сүйкімді көріну және өзіңді қоршаған жандарға жағымды көріне білудің құпиясын ашып, ақыл-кеңестерін берді.
Іс-шара соңында қатысушылар көптеген жаңа, қызықты, пайдалы ақпараттар алып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Көктем, гүлдер, қошемет» атты әдеби дастархан өткізді.
Әдеби дастархан ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңімен ашылып, жақсылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің белгісі болған әйелдер мерекесімен құттықтаумен басталып, қатысушылар әдеби жұмбақтар мен викторинаға қатысып, әйелдің сұлулығы мен адалдығын жырлайтын әндер мен тамаша өлеңдер тыңдады.
№35 мектептің 3 сынып оқушылары және «Сиқырлы саусақтар» үйірме мүшелерінің қатысуымен №2 кітапхана-бөлімшесінде «Асыл анам» атты шеберлік сағаты өткізілді.
Қолөнер сағаты барысында шара қатысушылары аналарына арнап түрлі-түсті қағаздан әдемі гүл шоқтарын жасап, балалар аналарына арналған тақпақтар мен құттықтауларын айтып, ән шырқады.
«Көктемнің көрікті мерекесі» атты мерекелік кешті кітапхана оқырмандарының қатысуымен Жоламан кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері өткізді.
Қатысушылар бұл ерекше күн біздің барлық сезімдеріміз, жүрегімізден орын алатын өмірдегі ең қымбат, ең жақын жандарға – аналарымызға, әжелерімізге, сүйіктілерімізге арналатынын айтты.
Мерекелік дастархан басында қатысушылар ән айтып, өлеңдер оқыды, белсенді оқырмандарға сыйлықтар тапсырылды.
Қалалық орталық кітапхана