Бүгінде халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – мемлекет басымдық беретін негізгі міндеттердің бірі.
«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылы Семей қаласында су жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қалалық ТҮКШ бөлімі ауызсу тапшылығы бар аудандар мен кенттерді қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба әзірледі.
«Атқарылған жұмыстар аясында су құбырлары желісін жүргізуге қатысты екі ірі жоба жүзеге асырылды. Бобровка саяжында бас мердігер – «ГеоЛайн» ЖШС екі көшеге су бағандарын, су жинау құрылғысын орнатты. Сондай-ақ 1626 метр су құбыры тартылып, 23 құдық салынды. Жобаның авторлық қадағалауын «MS Engineering construction» ЖШС, техникалық қадағалауын «Нуралем Курылыс» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда», – деді Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжолов.
Березовский кентінде бас мердігер «Арай НС» ЖШС 250 құдық орнатып, диаметрі 125 мм болатын 3324 метр және диаметрі 110 мм болатын 13 774 метр құбыр жүргізді. Құрылыс барысында мердігер топырақтың батпақты болуы салдарынан қосымша жұмыстар жүргізуге мәжбүр болды. Жобаның авторлық қадағалауын «MS Engineering construction» ЖШС, техникалық қадағалауын «Восток Инжиниринг» ЖШС атқарды. 2025 жылы су жүйесін тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде апатты жағдайлар саны едәуір азайды. 2023 жылы 335 апаттық жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 271-ге дейін төмендеді.
«2025 жылы ауызсу мәселесі бар 10 ауданға арналған жаңа жобаларды іске асыру, Қозбағаров көшесіндегі су құбырын қайта жаңарту және Бобровка мен Березовский кенттеріндегі құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Қозбағаров көшесіндегі диаметрі 600 мм болатын магистральдық құбырды жаңарту оң жағалаудағы су жүйесінің жұмысын арттырады. Бұл әсіресе жаз мезгілінде жиі орын алатын су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деді Нұржан Есенжолов.
2024 жылы жүзеге асырылған жобалар ауызсу сапасын жақсартып, апаттық жағдайлардың санын азайтуға оң әсерін тигізді. 2025 жылы жұмыстар жалғаспақ. Нәтижесінде қаланың су жүйесі одан әрі тұрақтанып, тұрғындар үздіксіз таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.