
Қазақстан Президенті өзінің халыққа Жолдауында 2025 жылы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп салынып, онда 460 мыңнан астам бала білім алады деп атап өтті. Бұл білім беру мекемелері заманауи талаптарға сай, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Президенттің айтуынша, мұндай ауқымды жоба үш ауысымды оқытуды шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектеседі.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында, білім беру инфрақұрылымын жақсарту және оқушыларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында, Семей қаласында үш жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл мектептер бір ауысымға арналған 2100 орынға есептелген. Жоба білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және білім сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды.
«Облыс әкімі Нұрлан Телманұлының тікелей қолдауымен «Қарағайлы» шағын ауданында, 1200 орындық орта мектептің құрылысы сәтті аяқталды. Бұл мектеп 55 сыныпқа және екі мектепке дейінгі сыныпқа есептелген. Оқу қаладағы бірнеше, атап айтқанда №3, 6, 8, 9, 15, 26 және №29 мектептерінен келетін оқушылар үшін ұйымдастырылады. Жалпы, жаңа мектепке 1-11 сыныптардан 1187 оқушы қабылданады, оның ішінде 895 бала қазақ тілінде, 355 бала орыс тілінде оқиды. Мектепке дейінгі сыныптарды қосқанда, мектепте барлығы 1252 оқушы оқитын болады», - деді Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжолов.
Екінші аяқталған нысан — Водный кентінде орналасқан 600 орындық мектеп. Бұл мектепке 23 сыныпқа, соның ішінде екі мектепке дейінгі сынып бар. 1-11 сыныптардан барлығы 600 оқушы қабылданады, олар түгелдей қазақ тілінде оқитын болады. Оқушыларды қабылдау қаладағы бірнеше мектептен жүзеге асырылады: №12, 16, 17, 34, 45 және №47.
«Қазір «Связист» кентінде мектеп жоқ, сондықтан балалар көрші №12, 45 және №47 мектептерде оқуға мәжбүр. Осы ауданда жаңа мектеп салу Шығыс кентіндегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге көмектеседі, қазір тапшылық 515 орынға жетіп отыр», - деді Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжолов.
Осылайша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Семей қаласында іске асырылуы қаладағы білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға бағытталған. Жаңа, заманауи мектептер тек балаларға оқу орындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, оқу сапасын да айтарлықтай арттырады. Бұл қадамдар аймақтың білім беру жүйесінің дамуына оң әсерін тигізіп, болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуіне маңызды үлес қосады.