Мәңгі халық жадында

Мәңгі халық жадында

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Семей медициналық университеті студенттерінің қатысуымен Тұрар Рысқұловтың  130 жылдығына арналған «Мәңгі халық жадында» атты дөңгелек үстел  өткізді.

Шара барысында кітапхана қызметкері оқырмандарды мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі - Тұрар Рысқұловтың өмірбаяны және қызметімен таныстырды.

Тұрар Рысқұлов  ұлт қайраткері, қазақ халқын ашаршылықтан құтқарып қалған бірден бір саяси тұлға екені, азық-түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы белсенділігі оның қайраткерлігін айқындай түсетіні, ол Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде еңбегі еленген тұлға екенін ұмытпай, келешек ұрпаққа Тұрар Рысқұловтай қайраткерді таныстыру біздің парызымыз екені айтылды.

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының сирек қор бөлімінің қызметкері Ақжол Қадылбекұлы өз сөзінде, Тұрар Рысқұлов Түркістан Коммунистік партиясының мұсылмандар бюросының басшысы ретінде, Түркістандағы түркі этностарының бірлігін сақтау мәселесін талай рет көтергені, түркітілдес халықтардың тарих ағымымен ғана бөлшектенген біртұтас халық екенін және Түркістан Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың ортақ үйі екенін алға тартқанын, Түркістанның бірлігін сақтау туралы мәлімдемесінен кейін оған қуғын-сүргін кезеңі басталғанын айтты.

Шәкәрім университетінің 4 курс студенті Бауыржан Сіләмжан сөз кезегінде, Т.Рысқұловты Қазақстан тарихындағы белгілі тұлғалар М.Тынышпаев, М.Дулатов сынды замандастары Қазақтың ең жоғары қоғам қайраткері деп танығанын атап өтті.

Шара жалғасында Т.Рысқұловтың қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, оқушылар викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы қайраткер туралы білімдерін толықтырды.

Іс-шара Т.Рысқұловтың өмірі қиыншылықтар мен қиындықтарға толы болғанымен, ол жарқын да қызықты ғұмыр кешіп, халқының болашағы үшін аянбай еңбек етіп,  бір құлап, бір тұрсада оны еш нәрсе таңдаған жолынан тайдыра алмағаны, халқына қалтқысыз қызмет еткені айтылып аяқталды.