Қазақ даласының қайталанбас теноры

Қазақ даласының қайталанбас теноры

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхананың қызметкерлері Жүсіпбек Елебековке 120 жыл толуына арналған «Қазақ даласының қайталанбас теноры» атты музыкалық қонақжай ұйымдастырды.

Шара барысында кітапхана қызметкері  дарынды,  майталман әнші,  Қазақ КСР-нің  халық әртісі,  халқымыздың дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтың  өнегелі өмір жолы мен тағылымды өнер жолына кеңінен тоқтала отырып,  дарын иесінің  көпқырлы сан-салалы әншілік таланты арқылы отандық музыкалық мәдениетіміздің тарихына өлшеусіз үлес қосып,  халқымыздың ән өнерінің жарқын беттерінде сөнбейтін жарық жұлдызға айналғанын жеткізді.

Сонымен қатар Ж.Елебековтың өмірі мен шығармашылығындағы ең бір елеулі кезеңі – оның Эстрада-цирк студиясында ұлттық ән салу дәстүрінен дәріс беріп ұстаздық етіп, М.Ешекеев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов сынды өнер саңлақтары ұлы ұстаздың  шәкірттері екенін атап өтті.             

Шараға қатысқан оқырман  қауымды Ерлан Төлеутайдың  «Жүсіпбек Елебеков» деген кітабымен және  2014 жылы Ана тілі газетінде  жарияланған «Елебеков және Елебаев» атты мақаламен  таныстырды. Ол мақалада Ұлы Отан соғысы жылдары  концерттік бригада құрамында майдандағы жауынгерлер арасында концерттер беріліп,  осы сапарында Рамазан Елебаевтың Кеңес одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арнап, жан жүрегін жарып шыққан  туындысы  Ж.Елебековтің орындауында елге жетіп, «Жас қазақ» әні жас ұрпақтың көкейінде мәңгі орнығып, бүгінгі буынның жігерлі, қайратты, отансүйгіш ұл-қыз атануына әсерін тигізіп, атадан балаға мәңгілік мұра болып қалатынын айтты.

Кітапханашы шараны: «Жер шарындағы әр адам өз Отанына, халқына, еліне, жеріне және тарихына деген мақтанышты сезіне отырып, жарқын болашақты қалыптастыру үшін өткенді еске алып, бүгінімізді білуіміз керек», - деген сөздерімен қорытындылап, қатысушылар Ж.Елебековтың орындағуындағы «Жас қазақ», «Екі-ау жирен» атты әндерінің жазбаларын тамашалап, көрмеге қойылған әдебиеттермен танысты.