Жол бастаған Жошы хан

Жол бастаған Жошы хан

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Жошы ханның 800 жылдығына арналған «Жол бастаған Жошы хан» атты тарих сағатын өткізді.

Шараға Әлихан Бөкейхан университетінің тарих пәнінің  аға оқытушысы Ұлан Құрметқалиұлы Жанғалиев пен Радиотехника және байланыс колледжі студенттері қатысты.

 Шара барысында кітапхана қызметкері биыл Қазақ мемлекетінің бастауында тұрған Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толатынын атап өтіп, ұлыс мәдениеті кейінгі Қазақ хандығының әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қалай әсер еткенін ғылыми-сараптамалық тұрғыдан пайымдау қажет екенін, әсіресе орта ғасыр тарихшылары жазып кеткендей, еліміздің шығысындағы Қойлық қаласынан ірге тартып, батысы Астраханға дейінгі ұлан-ғайыр аумаққа билік жүргізген Жошы ұлысының этносаяси, этногенетикалық тұрғыдан зерттелуі де маңызды екенін, осы зерттеулер арқылы біз Қазақ хандығының мемлекеттік тарихын толықтыра алатынымыз жайлы атап өтті.

Шара қонағы Ұлан Құрметқалиұлы  Жанғалиев өз сөзінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет» - деген сөзін жеткізіп, «Жошы ұлысының 800 жылдық тарихы» тақырыбының астарында үлкен мағына жатқанына, Қазақстан тарихы үшін маңызды кезеңдеріне және Жошының өмірбаянына тоқталып өтті.

Іс-шара жалғасында студенттер Қазақ хандығының дамуы туралы өз пікірлерін білдіріп, кітап көрмесіне қойылған әдебиеттермен танысты.