Құрметті Семей қаласының тұрғындары

Құрметті Семей қаласының тұрғындары

Семей қаласының әкімдігі 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында көктемгі екі айлық экологиялық науқанын жариялайды. Қала тұрғындарына, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің басшыларына, жеке кәсіпкерлер мен жер учаскелерінің меншік иелеріне және жалға алушыларына үндеу жариялай отырып, көріктендіру, абаттандыру, тазалық жұмыстарына белсенді түрде қатысып, тазалық акциясын және жалпықалалық сенбіліктерді 6 сәуір мен 31 мамыр аралығында ұйымдастыруды сұраймыз.

Біз тұрғындардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың қаладағы тазалық пен санитарлық тәртіпті қалпына келтіру және сақтау бойынша барлық бастамаларын қолдаймыз. Қаланы жүйелі түрде тазалау, қатаң бақылау – бір реттік шара емес, ол күнделікті тынымсыз еңбек. Бұл – туған қаламыздың игілігі үшін бар күш-жігерін аямайтын жандардың ортақ қолдауы.

Белгілі бір жыл мезгілдерінде, мерекелерде, мерейтойларда ғана емес, үйімізде үнемі тазалық пен тәртіпті сақтауға, балаларымызды таза өмір сүруге тәрбиелеуге шақырамыз.

Барлығымыз қаламызды көркейтуге үлесімізді қосайық!

Тек әлеуметтік желіде қаламыздың проблемаларын талқылап қана қоймай, жеке үлесімізді қосып, қаламызды таза ұстайық!

 Құрметпен, Семей қаласының әкімдігі