Семейде халықаралық волонтер күні атап өтілді

Семейде халықаралық волонтер күні атап өтілді

Семей қаласында 5 желтоқсан — Халықаралық волонтер күніне орай «Кең жүрекпен» еріктілер форумы ұйымдастырылды.

Салтанатты шара Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Форумда волонтерлікті дамытуда және тұрғындардың тұтастығы мен бірлігін сақтау жолындағы үлгі боларлық еріктілік қызметтері үшін өңіріміздің белсенді ұйымдары марапатталды.

Атап айтар болсақ, олардың қатарында Семей қаласының жоғары және орта білім беру оқу орындарының «Ашық жүрек», «КазМед», «Ақ ниет», «Бірлік», «Мейірім», «Береке», «Волонтер+», «Академия добра», «Кең жүрек», «Біз біргеміз», «Алтын жүрек», «Үміт» волонтерлік ұйымдары бар.

Шараға Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Есенжолов, Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы оқу процесін әдістемелік сүйемелдеу бөлімінің басшысы С. Бласпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Форум барысында көрермендер назарына өңірдегі волонтерлердің жыл бойы атқарған жұмыстары ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл шара волонтер күніне арналған шаралардың бір бөлігі ретінде есептеледі.

— Бүгін, міне волонтер күніне орай «Кең жүрекпен» еріктілер форумын өткізіп жатырмыз. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Және бұл волонтер күніне арналған шаралардың бір бөлігі ғана. Біраз уақыттан кейін әртүрлі волонтерлік бағытта жетістікке жеткен спикерлер өз тәжірибелерімен жас волонтерлерге бөлісетін болады. Сонымен қатар, бүгін концерттік бағдарламалар да ұсынылады, — деп атап өтті Семей қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Е. Өрлеубек.