Мейірім шуағы

Мейірім шуағы

Қалалық орталық кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау айлығы аясында «Мейірім шуағы» атты  қайырымдылық кеші ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Respublica» партиясының Абай облыстық  филиалының төрағасы Айтмұқаш Алмас Виленұлы, сондай-ақ Ж.К.Жүнісованың жетекшілігімен «№5 арнайы мектеп-интернатының» тәрбиеленушілері мен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қамқорлығындағы мүмкіндігі  шектеулі жандар қатысты.

Шара барысында кітапхана қызметкері аталмыш шара жыл сайын  «Қайырымдылық айлығы» акциясы аясында өтетінін жеткізді.

«Бүгінгі бір тамшы жақсылық, балаларға деген  ұланғайыр махаббатымыздың белгісі», - деген сөздерімен шараны жалғастырған кітапханашы, ізгілікке, жақсылыққа бағыттайтын адам бойындағы асыл  қасиеттер: қайырымдылық, мейірімділік жайлы түсіндіріп, қамқорлыққа, мұқтаж жандарға  қол ұшын беру,  жүрек жылуын ұсыну, әркімнің азаматтық парызы екенін атап өтті.

Кеш жалғасында «Respublica» партиясының Абай облыстық  филиалының төрағасы Алмас Виленұлы Айтмұқаш өз сөзінде, егер біз ұлтымыздың болашағының іргетасын қалағымыз келсе, жас ұрпақты жақсылық жасауға, аға ұрпаққа құрмет көрсетуге үйретуіміз қажет екенін, сондай-ақ әлеуметтік қолдау және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттары мен міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

№5 мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қамқорлығындағы мүмкіндігі  шектеулі жандарға «Respublica» партиясы атынан кеңсе керек-жарақтары сыйға тартылды. Балалар сыйлықтарына риза болып, билеп, ән шырқап бір сәтке қиыншылықтарын ұмытты.

Қайырымдылық шара Мұқан Төлебаев атындағы студент өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұласты.

Шара соңында «ДоДо Пицца» әкімшілігі, «Барс» дүкенінің иесі Айнұр Қадырова мен «Әмина» дүкенінің иесі Закир Гастратов және кітапхана қызметкерлері демеушілік көрсетіп, қатысушыларға мерекелік дастархан жайды.