Қазақтың ер батыры – Көкенай

Қазақтың ер батыры – Көкенай

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапханасында қазақ халқының хас батыры, биі Үмбетейұлы Көкенай  батырдың 375 жылдығына арналған «Қазақтың ер батыры – Көкенай» атты тақырыптық кеш ұйымдастырылып, шара барысында Қайырбек Исаханұлының «Әз Тәуке ханның бас қолбасшысы Көкенай батыр әрі би «1648 -1728» атты кітабінің тұсаукесер рәсімі өтті.      

Кешке Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, архелог, бірнеше монография және жүзге жуық ғылыми мақалаларының авторы, күй өнерін қастерлеуші Исин Амантай Исаұлы, профессор РАМ, Семей қаласының құрметі азаматы, «Халықаралық жазылым агенттігі» баспасының басшысы Дюсенбаев Асқат Ануарбекұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алин Мұрат Сейсенұлы, ұстаз ардагер, Абай ауданның құрметі азаматы Екібаев Жақан, білім саласының үздік ардагері Қуанышбаев Ғалым және Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Алихан Бөкейхан атындағы университеттің тарих факультетінің студенттері және ұстаздары қатысты.

 Кеш барысында кітапхана қызметкері оқырмандарды 2021 жылы Алматы қаласының «Халықаралық жазылым агенттігі» баспасынан шықан Қайырбек Исаханұлының кітабімен таныстырып, кітап қазақ халқының ХVIII ғасырдағы ерлік пен серілікке толы дәуіріне, тарихтың әр кезеңінде тарих саханасына шығып ел билеген хандар мен билерге, дәстүрлі қазақ қоғамының игі жақсылары мен батырларына  арналғанын атап өтті.

Сондай-ақ, кітап Ұлы дала тарихындағы түрік кезеңінен бастап Алтын Орда заманының, қазақ хандығы мен отарлық кезеңнің мәселелеріне байланысты қолда бар деректерге сүйеніп саяси әлеуметтік-саяси тарихқа талдау жасаған автордың өз ой толғауларымен қызық, тарихи шығарма автордың өз ізденісінің арқасында жинап іріктелген қиса-дастандар мен жырлардың, ел аузында жүрген бай этнографиялық материалдарымен құнды, тарихи – танымдық кітаптың қамтыған ауқымы кең, тілі жеңіл екендігіне тоқталды.

Кеш қонақтары кітап тұсауын кесіп, Көкенай батыр жайлы тың деректерге толы кітаптың жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтіп, тілектерін білдірді.