
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Шебер қолдар» үйірмесі аясында экологиялық тәрбие беруге арналған «Күздің алтын жапырақтары» атты ойын-сайыс өткізді.
Кітапхана қызметкері шараны күз мезгілінің ерекшеліктері туралы танымдық әңгімеден бастап, қатысушыларды табиғаттағы маусымдық өзгерістермен таныстырды. Көкөністер, жемістер мен жидектердің пісуіне, ауа температурасының төмендеуіне, жапырақтар түсінің өзгеруіне, сондай-ақ жыл құстарының не себептен жылы жаққа ұшып кететініне тоқталды.
Іс-шара барысында оқушылар «Жемістер» және «Көкөністер» болып екі топқа бөлініп, түрлі танымдық және шығармашылық тапсырмаларды қамтитын «Ұйқасын тап», «Сөзді жалғастыр», «Кім жылдам», «Мәнерлеп оқу» сияқты кезеңдерден тұратын ойын-сайысқа қатысты.
Ойын-сайыс соңында «Жемістер» және «Көкөністер» топтары арасында нәтижелер қорытындыланып, тақырыптағы көркем және танымдық материалдарды қамтитын «Күз - береке, күз - мереке» атты тақырыптық кітап сөресіне шолу жасалды.
Қалалық орталық кітапхана