
Семей қаласының Бас жоспарына түзету енгізу жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Қала әкімі Бас жоспарға енгізілетін түзетулердің қаланың алдағы дамуы мен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін маңыздылығын атап өтті.
«Бас жоспарға енгізілетін түзетулер аясында облыс әкімі Берік Уәлиұлының бастамасымен Семей қаласында жаңа «Smart City» әкімшілік-іскерлік орталығын құру, Павлодар–Алматы айналма магистралін салу, арнайы индустриялық экономикалық аймақты және өзге де ірі инвестициялық жобаларды орналастыру көзделген», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар жоба аясында Жарқын елді мекенінің аумағын Семей қаласының шекарасынан шығару арқылы қала шекарасын нақтылау ұсынылды. Бұл мәселе аталған елді мекен тұрғындарының өтініштері негізінде қарастырылды.
Жобалаушы ұйым – «Град Проект KZ» ЖШС өкілі Таңат Шалұлы Шегебаев Бас жоспарды түзету жобасының негізгі бағыттары мен қала құрылысы шешімдері туралы баяндама жасады. Талқылау барысында тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Айта кетейік, Бас жоспарға түзету енгізу жобасын әзірлеу жұмыстары биылғы наурыз айында басталған. Осы уақыт аралығында азаматтардан 250-ден астам өтініш пен ұсыныс түскен. Олардың барлығы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жобалаушы ұйым тарапынан қаралды.
Қоғамдық талқылау аясында дауыс беру өткізіліп, оған қатысқан тұрғындардың басым бөлігі Бас жоспарға түзету енгізуге қарсылық білдірмеді.