
Семей қаласында «Шекара абыройы — ел сенімі» атты жас сарбаздарды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев, әскерге шақырылған жастар мен олардың ата-аналары қатысты.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тілеген Әсет Баймұрзаев әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталып, ел тыныштығы мен шекара тұтастығын қорғау — әрбір азамат үшін абыройлы міндет екенін атап өтті.
«Алдарыңызда әскери өмірдің жаңа кезеңі тұр. Осы қызмет барысында Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз артып, нағыз ер азаматқа тән қайсарлық пен жауапкершіліктеріңіз шыңдала түседі деп сенемін. Әрқайсыңыздың әскери борыштарыңызды абыроймен өтеп, елге аман-есен оралып, ата-аналарыңыз бен жақындарыңыздың қуанышын еселеулеріңізге тілектеспін. Осы ретте жас сарбаздарды тәрбиелеп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге дайындаған ата-аналарға да айрықша алғысымды білдіремін. Әскери қызметтеріңіз абыройлы, қадамдарыңыз нық, рухтарыңыз биік болсын! Ел шекарасы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» — деді қала әкімінің орынбасары.
Мерзімді әскери қызмет — жастардың тәртіпке, төзімділікке және жауапкершілікке баулынып, өмірлік тәжірибе жинақтайтын маңызды кезеңі.