
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері №31 мектептің 8 сынып және №6 гимназияның 2 сынып оқушыларының қатысуымен Білім күніне арналған «Білімнің көзі кітапта» атты ашық есік күнін өткізді.
Кітапхана қызметкері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқу мәдениетін дамыту және оқырмандар ұлтын қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының маңыздылығын атап өтті. Адам өміріндегі кітаптың ерекше мәні және отандық әдебиетті, оның ішінде Абай, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа да қазақстандық авторлардың шығармаларын насихаттаудағы кітапхананың маңызды рөлі айтылды. Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде, туған тілге, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықты дамытуда көркем әдебиеттің маңызына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар оқушылар кітапхана қорымен, жаңа түскен әдебиеттермен және Қазақстанның көрнекті қайраткерлері мен кітапхананың заманауи ресурстарына арналған QR-кодтар арқылы берілген ақпараттық материалдармен танысты.
Әрі қарай өңірдің тарихы мен мәдениетіне арналған «Ойлан, ойна» және «Біз өз қаламыз туралы не білеміз?» танымдық викториналары, сондай-ақ оқуды ойын түрінде насихаттауға бағытталған «Кітап жұмбағы» («BOOK GAME») ойыны өткізілді.
Іс-шара соңында кітапханашы 15-25 қыркүйек аралығында тұрақты оқырмандар үшін «Ұмытшақ оқырман» акциясы өтетінін хабарлады. Қатысушыларға мерзімі өткен кітаптарды қайтару, сондай-ақ «Bookcrossing» кітап алмасу аймағына орналастыру үшін оқып шыққан жеке кітаптарын кітапханаға беру ұсынылды.
Сонымен қатар №6 кітапхана-бөлімшесінде №8 мектептің 4 сынып оқушыларының қатысуымен «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» атты танымдық ойын өткізілді.
Кітапхана қызметкері оқушыларға білімнің маңызы мен кітаптың адам өміріндегі рөлі туралы айтып, жүйелі түрде оқудың маңызына, әдебиетке деген қызығушылыққа және пайдалы әрі танымдық ақпарат көзі ретінде кітапханаға тұрақты түрде бару қажеттілігін атап өтті.
Іс-шара барысында балалар «Сұрақ-жауап», «Жұмбақтар әлемі», «Кім жылдам?» және «Жалғастыр» атты кезеңдерді қамтитын танымдық ойынға қатысып, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Шара қорытындысында «Менің алғашқы энциклопедиям», «Ол кім? Бұл не?», «Әлем ғажайыптары» сияқты танымдық және энциклопедиялық басылымдар, сондай-ақ
Р. Сәтімбеков пен Р. Әлімқұлованың «Қызықты биология. Жануарлар әлемі. Төрт түлік» және «Өсімдіктер әлемі» кітаптары орналасқан «Күш – білімде, білім – кітапта» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Қалалық орталық кітапхана