
XX ғасырдағы адамзат тарихындағы ең ауыр экологиялық және гуманитарлық апаттардың қатарына жататын Семей ядролық сынақ полигонының зардабы – ұлт жадынан ешқашан өшпейтін қасірет. Қазақ даласында жасалған ракеталық-ядролық сынақтар қаншама адамның денсаулығына зиянын тигізіп, туған жерге орны толмас зиян келтірді. Бұл қасіреттің салдарын сезіну, өткеннен сабақ алу және жас ұрпақтың бойында патриотизм мен адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мақсатында «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына арналған түрлі форматта іс-шаралар өткізілді.
Атап айтқанда, Балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі курсанттарының қатысуымен «Ядролық қарусыз әлем» атты кітап көрмесі өткізілді.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері бейбітшілік, қоғамдық келісім және қауіпсіздік мәселелері Қазақстанның маңызды басымдықтары болып табылатынын, сондай-ақ бірлікті нығайтудағы және қоғамдық диалогты дамытудағы маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты Семей полигонының тарихына ерекше назар аударылды. Семей полигоны халқымыздың тарихи жадында маңызды орын алатынын, онда ұзақ жылдар бойы жүргізілген ядролық сынақтар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зардаптар әкелгенін атап өтті.
Сонымен қатар Семей ядролық полигонының құрбандарына арналған, мүсінші Ш. Уәлихановтың «Өлімнен де күшті» ескерткішіне ерекше тоқталды. Ядролық сынақтардан зардап шеккен құрбандарды еске алудың символы болып табылатын, 2001 жылғы 29 тамызда Бейбітшілік аралында орнатылған бұл ескерткіштің жасалу тарихы туралы айтылды.
Іс-шара жалғасында кітапханашы оқырмандардың назарын «Семей ядролық полигоны – тарих және қазіргі заман» атты бейнероликке аударып, «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбында виртуалды кітап көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ М. Сәрсекенің Семей ядролық полигонының тарихы мен онда болған оқиғалардың хронологиясына арналған «Семей қасіреті» кітабына библиографиялық шолу жасалды.
«Семей полигоны – қасірет пен тағылым» атты эко-кинозал №12 кітапхана-бөлімшесінде өткізілді.
Эко-кинозал барысында қатысушылар ядролық сынақтарға байланысты қайғылы оқиғалар мен олардың адамдардың өміріне тигізген әсері туралы баяндайтын деректі фильм көріп, өз әсерлерімен бөлісіп, пікірлерін білдіріп, талқылады.
Іс-шара барысында К. Бозтаевтың «29 августа», Н. Жотабаевтың «Долгое эхо ядерных испытаний», М. Сарсекенің «Семипалатинская трагедия», Ю. Куйдиннің «Ядерная трагедия Казахстана» сияқты еңбектерімен, сондай-ақ «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының қызметіне қатысты материалдар қамтылған «Семей полигоны: қасірет пен тағылым» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Сонымен қатар Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Жарылыстан зардап шеккен жер» атты естелік хроникасы, №2 кітапхана-бөлімшесінде «Полигон жаңғырығы» атты экологиялық сағат, Шығыс кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Семей полигонының қасіреті» атты слайд шолу, Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Семей полигоны – бейбіт өмірдің бағасы» атты тақырыптық әңгіме, Шүлбі кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Ядролық қарусыз әлем!» атты тақырыптық сөре және Қалалық орталық кітапханада «Семей полигоны – ядролық апат» тарихи шолу өткізілді.
Қалалық орталық кітапхана