Әдеп, тәртіп және жауапкершілік - мемлекеттік қызметтің маңызды қағидаттары

Әдеп, тәртіп және жауапкершілік - мемлекеттік қызметтің маңызды қағидаттары

Қала әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Е. Турсын қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, атқарушылық және еңбек тәртібі, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, сондай-ақ лудоманияның алдын алу мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің негізгі талаптарына түсіндірме берілді. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңдылық, адалдық, жауапкершілік, бейтараптық және азаматтарға құрметпен қарау қағидаттарын басшылыққа алуының маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар атқарушылық және еңбек тәртібін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Аппарат басшысы мемлекеттік қызметшілердің басшылықтың тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауы, қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы және белгіленген жұмыс тәртібін қатаң сақтауы қажеттігін атап өтті. Әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндеттердің орындалуына жеке жауапты екені айтылды.

Кездесуде мемлекеттік қызметте болуға байланысты белгіленген шектеулер де түсіндірілді. Мемлекеттік қызметшілерге заңнамада көзделген тыйымдар мен шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысына жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу қажеттігі ескертілді.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі - лудоманияның, яғни құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу болды. Құмар ойындарға тәуелділік адамның жеке және отбасылық өміріне ғана емес, оның қызметтік міндеттерін орындауына, қаржылық жағдайына және қоғамдағы беделіне де кері әсер етуі мүмкін екені айтылды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге өз мінез-құлқына жауапкершілікпен қарау және заңнама талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Кездесу соңында аппарат басшысы мемлекеттік қызметшілерді өздерінің қызметтік міндеттерін сапалы әрі жауапкершілікпен орындауға, әдеп нормаларын, еңбек және атқарушылық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын қатаң ұстануға шақырды.

Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.