
Семей қаласында «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбында қала педагогтерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған алқалы жиынға Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Айнұр Архыматаева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ақтанова, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.

Кеңес барысында жаңа оқу жылындағы білім беру саласының басым бағыттары мен негізгі міндеттері талқыланды. Білім сапасын арттыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы айрықша рөліне тоқталды.
«Зор жауапкершілікті арқалаған педагогтер қауымы әрдайым мемлекет назарында. Ұстаз мәртебесін көтеру, олардың еңбек жағдайын жақсарту және білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді.
Семей қаласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Қала тұрғындарының саны артып, сонымен бірге балалар саны да өсуде. Бұл бізге білім беру инфрақұрылымын бүгінгі қажеттілікпен ғана емес, алдағы жылдардың сұранысын ескере отырып жоспарлау міндетін жүктейді.
Биыл бірінші сынып табалдырығын аттайтын балалар саны 5 мыңнан асып отыр. Сондықтан жаңа оқушы орындарын ашу, мектептердегі орын тапшылығын болдырмау және балаларға заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі», – деді Әсет Баймұрзаев.

Жиын барысында сала мамандары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен заманауи үрдістерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар мен педагогтер алдында тұрған міндеттер сараланды.
Кеңес кезінде білім беру саласының дамуына үлес қосып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар педагог Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.