
Бүгін – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. 10 тамыз елімізде Абай күні ретінде аталып өтіледі.
Атаулы күнге орай Абай музейінің алаңында «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты Абай әндерінің қалалық фестивалі өтті. Тағылымды шара ұлы ақынның мол мұрасын, соның ішінде қазақ музыка өнерінен ерекше орын алатын ән шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналды.
Фестиваль барысында Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы жиналған қауымды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың рухани мұрасы халқымыз үшін мәңгілік құндылық екенін атап өтті.
«Абай поэзиямен қатар қазақтың ән өнеріне де өшпес із қалдырды. Оның әндері – терең ой мен нәзік сезімнің, көркем сөз бен әсем әуеннің үйлесімі. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды жауһар туындылар бүгінге дейін халық жүрегінен орын алып, ұлттық өнеріміздің алтын қорына айналды.
Бүгінгі фестиваль – Абай мұрасына тағзым, ұлы ойшылдың рухани әлемін жаңа буынға жақындататын тағылымды басқосу. Осындай мәдени шаралар арқылы халқымыздың асыл мұрасы дәріптеліп, ұлттық өнеріміздің сабақтастығы жалғаса беретініне сенімдімін», – деді қала басшысы.
Мерекелік шара аясында Абай мұрасын насихаттауға, мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің қызметкері Әлия Архатова марапатталса, «Абай» медалі Абай атындағы театр актері Айтбек Ташимбетовке табысталды.

Сондай-ақ мәдениет пен руханият саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, сахна төрінде Абайдың ел жадында сақталған әсем әндері шырқалды.