
Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев қала тұрғындарымен өткен кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жеке қабылдауға 16 тұрғын қатысты. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары және жауапты мекеме өкілдері де қатысып, тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша түсіндірме берді.
Қабылдау барысында тұрғындар жол жөндеу, қоғамдық көлік қозғалысы, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, инженерлік инфрақұрылым, абаттандыру және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Әрбір азаматтың өтініші мен ұсынысы мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсініктемелер берілді.
Қала әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауға алынатынын атап өтіп, оларды шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштерін белгіленген мерзімде қарап, нәтижесі бойынша кері байланыс беруді тапсырды.