
Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы өтіп, бірнеше жобалар іске асырыла бастады. Осы орайда Семей қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, Семей қаласының прокуроры Мейіржан Қалиасқаров, қала әкімдігінің бөлім басшылары және инвесторлар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды заң аясында тиімді шешу. Бұл бағытта прокуратура органдары инвесторлардың құқықтарын қорғау, кедергілерді жою және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша маңызды жұмыстар атқарып келеді.
«Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Осыған сәйкес Семей қаласының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мәселелерін жедел шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі таңда қалада өндіріс, құрылыс, агроөнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әрбір жаңа жоба – жаңа жұмыс орындары, бюджет кірісінің артуы және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған маңызды үлес», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Кездесу барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвесторлар көтерген өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Айта кетейік, Абай облысы құрылған уақыттан бастап 2025 жылдың соңына дейін Семей қаласында жалпы құны 41,6 млрд теңгеден асатын 14 инвестициялық жоба іске асырылып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 860-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Кездесу соңында инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.