Кел, қазақша сөйлейік!

Кел, қазақша сөйлейік!

 

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында балалардың ана тіліне деген құрметін тәрбиелеу, қазақ тілін үйренуге қызығушылығын арттыру, сөйлеу дағдыларын жетілдіру мақсатында «Қуаныш» балабақшасының даярлық тобы тәрбиеленушілерінің қатысуымен  «Кел, қазақша сөйлейік» атты танымдық ойын өткізілді.

Іс-шара басында кітапхана қызметкері мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамыту, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және сөздік қорын байытудың маңыздылығына тоқталды. Көркем әдебиеттің балалардың дүниетанымын кеңейтудегі, қиялын дамытып, тілдік қабілеттерін жетілдірудегі рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ кітапхананың ертегілер, әңгімелер, өлеңдер және балалар әдебиетінің өзге де шығармалары арқылы балалардың дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға қолайлы орта екендігі атап өтілді.

Іс-шара барысында «Кітап театры» ұйымдастырылып, балаларға театр қуыршақтарының көмегімен «Бауырсақ» және «Шалқан» қазақ халық ертегілері сахналанды.

Балалар «Ертегінің қай кейіпкері көбірек ұнады?», «Ертегі тыңдағанды жақсы көресің бе?» деген сұрақтарға жауап беріп, өздерінің сүйікті ертегілері туралы әңгімеледі.

Іс-шара жалғасы ретінде «Алақан соқпақ» және «Тақия жасыру» ұлттық ойындары ойнатылды. Сонымен қатар, қатысушылар қазақ ертегілерінің желісі бойынша дайындалған үстел пазлдарын құрастырып, экраннан көрсетілген халық ертегілерімен танысты.

Танымдық ойын соңында «Қазақ тілін бірге үйренейік!» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

 

 

Қалалық орталық ткітапхана