
Астана күні - еліміздің тәуелсіздігі мен дамуының, бірлігі мен жарқын болашағының символына айналған маңызды мемлекеттік мереке. Астана – Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы, елдің өркендеуі мен жаңғыруының айқын көрінісі. Заманауи сәулеті мен қарқынды дамуы арқылы бас қала тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін әлемге танытып келеді.
Осы мереке аясында елге деген сүйіспеншілікті арттыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінде түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтсақ №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері «Радуга» балабақшасының «Сказка» тобы тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Ел жүрегі - Астана» атты виртуалды саяхат өткізді.
Шара басында кітапхана қызметкері кез келген өркениетті мемлекетте өзінің басты мақсаты мен маңызы бар астанасы болатынын атап өтті. Сонымен қатар еліміздің бас қаласы Астана - елдің бет-бейнесі, жүрегі екенін, ондағы әрбір көрікті жерлердің өзіндік маңызы бар екенін айтты. Ең бастысы біздің елімізде тыныштық пен үйлесім басым екені, елімізде тұратын барлық азаматтарға құрмет көресетілетіні тілге тиек етілді.
Әрі қарай қатысушылар елорданың маңызды сәулет және мәдени орталықтары «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенімен, Океанариум «Ailand» ойын-сауық орталығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясымен танысты.
Шара соңында «Ел жүрегі - Астана» атты тақырыптық сөреге қойылған әдебеиеттерге шолу жасалды.
Шүлбі кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкері «Астана - елдің жүрегі» атты көрме-викторина өткізді.
Іс-шара барысында оқырмандардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Астананы білесің бе?» атты танымдық викторина, «Көрікті жерлерді тап» ойыны және «Мақал-мәтелді жалғастыр» тапсырмасы ұйымдастырылып, қатысушылар Астана қаласының тарихы, мемлекеттік рәміздері, көрнекті ғимараттары мен мәдени орындары туралы білімдерін сынады. Сондай-ақ оқырмандар елордамыздың жетістіктері мен даму жолы туралы құнды мәліметтер алып, өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар Шығыс кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Астана қаласына саяхат» танымдық калейдоскоп, №2 кітапхана-бөлімшесінде «Астана – ұлтымыздың рухани ордасы» атты тарихи хроника, №12 кітапхана-бөлімшесінде «Астанам - асқақ ордам!» атты фотогалерея, Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Бас қаланың басты жетістіктері» атты буктрейлер өткізілді.