
Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы «Зеленый остров» тәлімбағына барып, оның жұмысымен және жүзеге асырып жатқан жобаларымен танысты.
Осыған дейін тәлімбақтың негізін қалаушылар әлеуметтік желі арқылы өздерінің бастамалары мен ұсыныстарын бөлісіп, қала әкімін тәлімбаққа келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көруге шақырған болатын.
«Зеленый остров» жобасы Семей қаласында 20 жылдан астам уақыттан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Мұнда сәндік гүлдер, түрлі өсімдіктер мен жеміс-жидек көшеттері өсіріледі. Тәлімбақтың басты ерекшелігі – көшеттердің жабық тамыр жүйесі бар арнайы контейнерлерде өсірілуі. Бұл әдіс өсімдіктердің жерсіну көрсеткішін арттырып, оларды жылдың қолайлы кезеңдерінде отырғызуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қала әкімі тәлімбақтың қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру бағытындағы әлеуетін жоғары бағалап, мұндай бастамалардың экологиялық ахуалды жақсартып, қаланың көркін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Әділет Нұрсағатұлы қала әкімдігі бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайын екенін жеткізіп, қаланы көгалдандыру және көркейту ісінде күш біріктіруге шақырды.