
Семей қаласы әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен қала аумағындағы абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Қаныш Төлеуов, кеңес мүшелері және бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде қала аумағындағы абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар қаралды.
Сонымен қатар, қосымша баяндамашы ретінде орталық алаңды қайта жаңғырту және Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жобаларының авторы Роман Шнайдер қатысып, аталған жобаларды таныстырды.
«Кеңеске қала әкімдігінің салалық бөлімдерінің басшылары, коммуналдық қызметтердің өкілдері, жобалаушы және мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып отыр. Қала аумағында орталық алаңды қайта жаңғырту, Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру, сондай-ақ аулалық және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Аталған жобалар қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері өз сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі барлық ұсыныстарға ашық екенін және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.