
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Семей қаласында «Бақытты бала – жарқын болашақ» атты балалар өнер фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қызықты спорттық және зияткерлік ойындар өткізіліп, көңілді аниматорлар балалармен түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырды. Балалар шығармашылығы көрмесі, фото-аймақтар мен шеберлік сағаттары мерекенің сәнін келтірді.
Іс-шараға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Халқымызда «Бала – бауыр етің» деген дана сөз бар. Өйткені бала – әр отбасының қуанышы, елдің ертеңі, болашаққа деген сенімі мен үміті. Бала күлкісі – бейбіт өмірдің, шаттық пен бақыттың белгісі. Сондықтан өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаламызда заманауи «Келешек мектептері», дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұл – балалардың жан-жақты дамуына, олардың қабілетін шыңдап, биік белестерді бағындыруына жасалған үлкен мүмкіндік», - деді Әділет Нұрсағатұлы.
Фестиваль аясында балалар ән айтып, би билеп, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Мерекелік кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бүлдіршіндер үшін ұмытылмас әсерге толы жарқын күн болды.