Семей қаласында оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара өтті

Семей қаласында оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара өтті

2025–2026 оқу жылын қаладағы 54 мектепте білім алған 50 066 оқушы қорытындылап отыр. Биыл 11-сыныпты 2 583 түлек тәмамдайды. Оның ішінде 152 оқушы «Алтын белгіге», ал 223 түлек үздік аттестатқа үміткер.

Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы Т. Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте өткен салтанатты жиынға қатысып, түлектерге сәт сапар тілеп, ұстаздарға алғысын жеткізді.

«Биыл қаламыз бойынша 2 583 жас түлек мектеп бітіргелі отыр. Солардың қатарында ғасырлық тарихы бар, тағылымы терең №16 жалпы орта білім беретін мектептің түлектері де үлкен өмір жолына қанат қақпақ. 1922 жылдан бастау алатын бұл білім ордасы - талай дарынды тұлғаларды тәрбиелеген қасиетті шаңырақ. Осындай мектептен қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Қасым Аманжолов, жазушы Сәду Машақов, сазгер Бекен Жамақаев және ел дамуына үлес қосқан көптеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері білім алған. Бұл - мектептің мәртебесі ғана емес, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік пен сенім», - деді Әділет Нұрсағатұлы.

Қазіргі уақытта №16 мектепте 85 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында 1 педагог-шебер, 26 педагог-зерттеуші, 20 педагог-сарапшы бар. Сондай-ақ 19 ұстаз магистр дәрежесіне ие.

Оқу жылы барысында мектеп оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, республикалық кезеңде 7 оқушы, облыстық кезеңде 26 оқушы, қалалық кезеңде 38 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Ақ жол, жас түлектер!