
Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы 110 жасқа толған Анна Федоровна Казаченконы мерейтойымен арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Анна Федоровна 1916 жылдың 20 мамырында Алтай өлкесінде дүниеге келген. Ғасырдан асқан ғұмырында ауыр еңбек пен қиын кезеңдерді бастан өткеріп, саналы өмірін адал еңбекке арнаған ардагер ұзақ жылдар бойы Семейдегі былғары-мех комбинатында еңбек етіп, бүгінде немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.
Кездесу барысында қала әкімі ғасырдан асқан ғибратты ғұмыр иесінің өмір жолы табандылық пен адамгершіліктің, еңбек пен төзімділіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Сізді 110 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек мерейлі жас қана емес, тұтас бір дәуірдің куәсі болған тарихи белес. Сіздің ғибратты ғұмырыңыз кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге. Сізге зор денсаулық, жан тыныштығы мен отбасыңыздың амандығын тілеймін», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Бүгінде Анна Федоровна қартайғанына қарамастан сергектігін сақтап, өздігінен қозғалады, өзін-өзі күтеді. Балалық шағында жаттаған өлеңдерін әлі күнге дейін жатқа айтып, немере-шөберелерінің жетістіктеріне қуанып келеді.
Кездесу соңында ардагер көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғысын білдірді.