2026 жылғы 13 сәуірден бастап Қазақстанда еңбек иммигранттарына жұмысқа рұқсат беру және оны ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет ХҚКО-ларда қолжетімсіз болып, өтінімді тек онлайн түрде беруге болады.
Еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметі онлайн форматқа ауыстырылып, тек eGov.kz порталы арқылы қолжетімді болды. Жаңарту Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажеттілігін жойып, құжаттарды рәсімдеу процесін жеңілдетті.
Енді шетел азаматтары Қазақстан аумағында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін рұқсатты онлайн түрде рәсімдей немесе ұзарта алады. Пайдаланушыларға кейбір құжаттарды қолмен жүктеудің қажеті жоқ. Мысалы, медициналық анықтама мен сақтандыру туралы мәліметтер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде тартылатын болады. Бұл өтінім беру уақытын қысқартып, қателіктердің туындау ықтималдығын азайтады.
Рұқсат беру немесе оны ұзарту туралы шешімді аудан және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ішкі істер органдарымен келісу арқылы қабылдайды. Рұқсат еңбек иммигранттарын тартуға белгіленген квота шегінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. Мемлекеттік қызметті алу бойынша қосымша ақпарат eGov.kz порталында және оның әлеуметтік желілерінде жарияланған.