
Қазақстанда Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл - аналардың отбасы мен қоғамдағы баға жетпес рөлін дәріптейтін, аналарға алғыс айту, оларды бағалау және жүрек жылуын көрсету күні.
Осы орайда анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, ананың қоғамдағы рөлін түсіндіру, жас ұрпақтың бойына ізгілік, мейірімділік, қамқорлық сияқты қасиеттерді сіңіру мақсатында «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінде мерекелік іс-шаралар өтті.
Атап айтқанда, Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері №6 гимназияның 10 «А» сынып оқушыларының қатысуымен «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» атты мерекелік шара өткізді.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің бұлағы Анадан қасиетті, киелі ештеңе жоқ екенін, әлемге әйгілі ақын-жазушылар мен ғұламалардың Ана жайлы тебіреніп жазып қалдырған асыл сөздері қаншама екенін атап өтті.
Мерекелік кеш жалғасында ана тақырыбына арналған өлеңдер оқылып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер ұсынылды. Қатысушылар ананың қадір-қасиеті, мейірімі мен махаббаты туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, «Тілек ағашы»-на аналарына арналған ақ тілектері мен жүрекжарды лебіздерін жазып қалдырды.
Шара аясында «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ана тақырыбын арқау еткен көркем әдебиеттер мен публицистикалық еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік шара Эльмира Сергазыевна Букашеваның орындауында «Қос бәйтерек», «Ару ана» әнімен аяқталды.
Сонымен қатар «Ана - бақыт, ана – күн» атты мерекелік кеш Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде, «Ана жүрегі – әлемге мейірім» атты дөңгелек үстел Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде өтті.
Қалалық орталық кітапхана