
Қалалық Мәдениет сарайында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Тәуелсіз елдің қорғаны» мерекелік шарасы өтті.
Кеш барысында Семей қаласы әкімі Әділет Нұрсағатұлы жиналған қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
«Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінде еліміздің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігіне қызмет етіп жүрген сарбаздар мен әскери сала қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіремін. Сіздердің жанқиярлық қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
«Туған жерге туыңды тік» деген даналықты арқау еткен ел жастары Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп, елдік мүддені бәрінен биік қоятынына сенеміз», – деді Әділет Нұрсағатұлы өз сөзінде.
Шара аясында ел тыныштығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хаты және қала әкімінің «Құрмет» және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кештің соңында эстрада әншісі Қанат Үмбетов, Парасат орденінің иегері Гүлдана Ноғайбаева және Мәдениет сарайының өнерпаздары әнмен әрлеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.