
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-де 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі аясында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімді ояту, Қазақстан Қарулы Күштерінің айбынын таныта отырып, ержүректікке, батылдыққа және өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеу мақсатында түрлі форматта бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Атап айтқанда Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ел қорғау - абыройлы іс» атты патриоттық кеш өтті.
Іс-шараға Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмыстың тәрбиешісі, сержант Санжан Оразбекович Ергазиев, Әскери – техникалық мектебінің курсанттары, «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп- лицей-интернаты 72 взводтың 7 сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында кітапхана қызметкері Отан қорғаушылар күнінің тарихына кеңінен тоқтала отырып, елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі деп атап өтті. Сонымен қатар еліміздің қауіпсіз болашағы жолында аянбай еңбек етіп жатқан Ұлттық әскеріміздің еңбек ету жолындағы қалтқысыз қызметтері – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге екенін айтып, Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, антына адалдық танытып жүрген жас сарбаздар мен ұландарға шынайы ризашылығын білдірді.
Шара жалғасында Санжан Оразбекұлы - жастарды ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың ана тілінде сөйлеуі, ата-ананың балаларына ұлттық тәрбие беруі, құрмет, қайырым, мейірім тағы басқа сезімдерін дамыту қазіргі таңда ұлттық патриотизмнің басты көрінісі екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Әскери-техникалық мектебінің курсанттары АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау тәсілдерін көрсетіп, қол күресу, арқан тарту секілді ойындар ойнатып, жас ұландардың күш-жігері мен ептілігі бағаланды.
Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп- лицей-интернатының оқушылары «Атамекен» әнін орындады.
Патриоттық кеш қорытындысында «Мен - Қазақстан патриотымын» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Қалалық орталық кітапханада Т.Аманов атындағы №16 мектептің 8 сынып оқушыларының қатысуымен Отан қорғаушылар күніне арналған «Елін сүйген жауынгер ер болады» атты HERO QUIZ зияткерлік ойыны өткізілді.
Іс-шарада әр топ үш қатысушыдан құрылып, зияткерлік ойынға қатысты. Ойын «Елін сүйген жауынгер ер болады», «Логикалық кезең», «Туған қалам - Семейім», «Кино және музыка» мен «Үзінді және шығарма атауы» атты бес кезең бойынша ұйымдастырылды
Қатысушылар өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетіп, белсенділік танытты. Әсіресе туған өлке тарихына арналған кезеңде олар Семей қаласының тарихи-мәдени мұралары мен көрнекті тұлғалары туралы терең білімдерін көрсетті.
Қорытынды кезеңде ең жоғары ұпай жинаған команда жеңімпаз атанып, дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, қатысушылар тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмемен танысты.
«Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты көрме-шолу №2 кітапхана-бөлімшесінде Қызмет көрсету саласы колледжі студенттерінің қатысуымен өтті.
Көрмеге Қазақстан армиясының тарихына арналған материалдар, сондай-ақ әр жылдары оның қатарында қызмет етіп, ерліктерімен елге танылған әскери қызметшілер туралы кітаптар мен ғылыми мақалалар қойылды.
Қазақ халқының әскери іс-әрекеттерінің дамуы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін жан-жақты қарастырылған А.Тасбулатов пен Қ.Аманжоловтың «Қазақстанның әскери тарихы» очерктері оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтің «Менің майдан шебім» атты кітабы Ұлы Отан соғысының жолдарымен өткен майдан офицерінің күнделікті өмірі мен Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуына қосқан үлесі туралы естеліктерді баяндайтын шығармасы болды.
Көрмеде сондай-ақ Бауыржан Момышұлының шығармалары, Ұлы Отан соғысының батырлары – Әлия Молдағұлова, Маншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров және басқа да Отан қорғаушыларға арналған кітаптар ұсынылды.
№6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері №9 орта мектептің 7 сынып оқушыларының қатысуымен Отан қорғаушылар күніне арналған «Ел қорғаны - қарулы күштер» атты танымдық саяхат, №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Семей көпсалалы колледжі 1 курс студенттерінің қатысуымен «Ұлттық әскеріміз - Тәуелсіздіктің тірегі» атты патриоттық сағат, «Біз Отан қорғаушылармыз» атты патриоттық ойындарды Шақаман ауылындағы кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері 1-2 сынып оқушыларының қатысуымен өткізді.
Отан қорғаушыларға деген құрмет пен алғыс тек бір күнмен шектелмей, күнделікті өмірде де сақталуы тиіс.
Қалалық орталық кітапхана