
Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Отырыста күн тәртібіне сәйкес қала өмірінің маңызды бағыттарына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «Абай жастары» бағдарламасының жүзеге асырылуы, 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы, сондай-ақ Семей қаласында ішкі туризмді дамыту бағыттары талқыланды.
«Абай жастары» бағдарламасының шарттары әзірленіп, өтінімдер 2026 жылғы 5 қаңтар мен 12 қаңтар аралығында қабылданды. Бағдарлама аясында 30 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жылыту маусымы аяқталғанына қарамастан, ыстық су беру басталғаны хабарланған болатын. Семей қаласының сол жағалауында 277 тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта олардың 270-і ыстық су жүйесіне қосылды, ал 7 үйде құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оң жағалауда 420 тұрғын үйдің 415-і ыстық суға қосылып, 5 үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Ішкі туризмді дамыту мақсатында қаладағы туристік нысандарды, көрікті жерлерді, тарихи ескерткіштерді, маршруттарды, экотроптарды және өзге де нысандарды қамтитын Семей қаласының туристік картасы мен жолсілтемесін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Биыл жазда «Заря», «Пристань» және «Затон» коммуналдық жағажайларын суға шомылу қауіпсіздігі тұрғысынан заңнама талаптарына сәйкес реконструкциялау жоспарлануда.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.