
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан - татулық пен бірліктің мекені!» атты әдеби кеш өтті.
Іс-шараға «Буюк келажак» өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Михайловна Какимова, «Мирас» татар этномәдени балалар және жастар ұйымының жетекшісі Дилянур Рамилевна Ахунжанова тәрбиеленушілерімен бірге, сондай-ақ Медицина университетінің шетелдік студенттері және №31 мектептің 5 «Ә» сынып оқушылары қатысты.
Кітапхана қызметкері қатысушыларға еліміздің көпұлтты әрі көпконфессиялы қоғамы үшін бейбітшіліктің маңызы туралы әңгімелеп, оның тек рухани құндылық қана емес, сонымен қатар тұрақтылық пен дамудың басты негізі екенін атап өтті.
Кеш барысында шара қонағы Какимова Роза Михайловна сөз сөйлеп, кең байтақ Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз, алтын бесігіміз екенін айта келе, туған жерді қадірлеу, сүю және қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Ол жас ұрпаққа ізгі тілегін білдіріп, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.
Сонымен қатар, Дилянур Рамилевна Ахунжанова сөз кезегінде Қазақстандағы ұлттар достығы мен бірлігінің маңыздылығына тоқталып, көпұлтты еліміздегі татулық пен келісімнің баға жетпес құндылық екенін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Шамиль Галиев пен Тагир Сабиров баянда ойнап, Раяна Гизатулина татар әнін орындады. Жас өнерпаздар ұлттық әндер шырқап, көркем шығармалардан үзінділер оқып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ Семей медицина университетінде білім алып жүрген шетелдік студенттер өнер көрсетіп, үнді биін билеп, қазақ тілінде ән шырқады.
Әдеби кеш «Достық көпірі» атты танымдық ойынмен жалғасын тапты. Ойын барысында қатысушылар әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлері мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытты.
Іс-шара соңында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұсынылған әдебиеттерге мазмұнды библиографиялық шолу жүргізілді.
Қалалық орталық кітапхана