Кітапхана – шығармашылық алаңы

Кітапхана – шығармашылық алаңы

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-де қала тұрғындары мен қонақтарына Ұлттық кітап күні аясында «Кітапхана – шығармашылық алаңы» атты мерекелік шара «Кітапхана түні» акциясы өткізілді.

Мерекелік кештің ашылу салтанатында Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылып отырған «Кітапхана түні» биыл ерекше мазмұнға ие екендігі, себебі бұл кеш Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 50 жылдық мерейтойы және жаңадан бекітілген кәсіби мереке Кітапханашылар күнімен (23 сәуір) тұспа-тұс келіп отырғаны атап өтілді. Бұл ауқымды шара оқырмандар мен руханият ордасы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жарты ғасырлық тарихы бар мекенді шығармашылық пен заманауи білімнің тоғысқан орталығы ретінде танытуды көздейтіндігі, осылайша, мерекелік кеш бір мезетте үш бірдей маңызды оқиғаны ұлықтай отырып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге және кітапханашылардың қоғамдағы мәртебесін айқындауға бағытталған бірегей мәдени бастама екендігі айтылды.

Мерекелік кеш мазмұны жағынан бай әрі көпқырлы болып, бірнеше тақырыптық аймақтарды қамтыды. «Memory Space» («Естелік кеңістігі») бөлімінде келушілер      «Ескірмейтін естелік» фотошежіресі арқылы кітапхананың жарты ғасырлық тарихына саяхат жасап, «Ұмытылған заттар» ретро-көрмесінен өткеннің ерекше жәдігерлерін тамашалады. «Балалар әлемі» аймағында кішкентай қонақтарға арналған «Әжем айтқан ертегі» қуыршақ театры, Walt Disney туындылары бойынша көрсетілімдер, жаңа кітаптар шеруі мен түрлі қызықты сайыстар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Кітапхана суперқаһармандары» алаңында «Комикс кафе» жобасы аясында «Супер күшті тап», «Құпия кейіпкер» ойындарын ойнап, комикс салудан «Қиял шебері» сайысында бақ сынасты. «Digital кітапхана» кеңістігінде «Кітап - асыл қазына» жас ақындар айтысы өтіп, сөз өнері ұлықталды. Сондай-ақ «Кітапханадағы құпия» квест ойыны, Harry Potter әлеміне негізделген «Хогвартсқа жол» бағдарламасы және интеллектуалды квиздер қатысушылардың логикалық қабілетін тексерді.
 Әдебиет пен киноны сүйетін қауым үшін «Әдеби кинозал» жұмыс істеп, танымал шығармалар негізінде түсірілген фильмдер талқыланды. Ал «Mystic Alem» бөліміндегі «Бір түн – мың құпия» атты әдеби кеш келушілерді тылсым мен сиқыр әлеміне жетеледі.

Келушілер үшін «Оқимыз, ойнаймыз, демаламыз!» аймағында «Мерейгер кітаптар – 50» көрмесі ұсынылып, шахмат, монополия сынды үстел ойындары мен асфальтта сурет салу шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Қолмен жасалған хикаялар» атты шеберлер қалашығында кітапхана-бөлімшелері үйірмелерінің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, жоғары бағаланды.

Бұл кеш жарты ғасырлық бай тарих пен заманауи креативтің тоғысқан бірегей кеңістігіне айналды. Ұйымдастырылған шара кітапхананың тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен шабыттың, еркін ой мен мәдени қарым-қатынастың заманауи орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 


Қалалық орталық ткітапхана