
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында №4, №17, №31 мектеп оқушыларының қатысуымен Чернобыль АЭС-ның апатына 40 жыл толуына арналған «Чернобыль – жанымның жарасы» атты кездесу кеші өтті. Іс-шараға Чернобыль ардагерлері Балғабаев Дәулетказы Касымович, Ибраев Саид Молдатиевич, Кайсанов Советқазы Бекенұлы қатысты.
Кездесу басында кітапхана қызметкері слайд-тұсаукесер арқылы 1986 жылғы Чернобыль АЭС-дегі апаттың себептері мен салдары туралы жан-жақты ақпарат беріп, оның адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген әсеріне тоқталды. Сонымен қатар, апат салдарын жоюға атсалысқан азаматтардың ерліктері мен олардың апаттан кейінгі тағдырлары жайлы әңгімеледі.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақтар Чернобыль қасіреті адамзат баласы үшін үлкен сабақ болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, олар экологиялық қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындаудың және қоршаған ортаны аялаудың маңыздылығын баса айтты.
Қатысушылар апат барысы, радиациялық әсердің ауқымы және оның салдары туралы деректі фильм тамашалап, алған әсерлерімен бөлісіп, пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар қатысушылар кітапхана ішіндегі Чернобыль апатына арналған музейге экскурсия жасап, апат тарихымен, оның себеп, салдарымен танысты. Экскурсия барысында олар Чернобыль қасіретінің адам өміріне және қоршаған ортаға тигізген әсері туралы толық ақпарат алды.
Әрі қарай, қатысушылар үшін «Ойлан, тап!», «Жағдаятты талда» және «Сен білесің бе?» атты танымдық интерактивті ойындар ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында «Чернобыль – жанымның жарасы» атты кітап көрмесі ұсынылып, әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Қалалық орталық кітапхана