
16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Осы мерекеге орай қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы МИБ, ПИК (КСК, ОСИ) басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуге бөлім басшылары, инспекторлар, полиция қызметкерлері және коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.
«Сіздердің күнделікті атқарып жүрген еңбектеріңіз – тұрғындардың жайлы өмір сүруінің берік негізі. Таңның атысынан кештің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп, қала тіршілігінің бір сәтке де тоқтамауына үлес қосып келесіздер. Бұл сала – қоғам үшін аса маңызды. Әр ауладағы тазалық, әр үйдегі жылу – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Бірлесіп жұмыс істеу, өзара қолдау мен жауапкершілік – осы саланың табысты дамуының басты кепілі деп білемін. Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» – деді қала басшысы.
Сондай-ақ, осы салада көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп, қаламыздың көркеюіне зор үлес қосып келе жатқан азаматтар марапатталды.
Семей қаласында 1588 көпқабатты тұрғын үй бар. Аталған үйлерге 630 басқару органы мен сервистік ұйым қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, бірлескен жұмыстың мақсаттары мен бағыттары қарастырылып, қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды.