Қазынаға толы қазақ елі

Қазынаға толы қазақ елі

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапханада Шәкәрім университеті студенттерінің қатысуымен «Қазынаға толы қазақ елі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге белсенді қоғам және мемлекет қайраткері, «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының авторы – Кәрімов Айбек Мүталапханұлы; Еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ұстаз, Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері – Тоқаев Зейнолла Қалымбекұлы; Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, этнолог, Шәкәрім университетінің оқытушысы – Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, философ, әдебиеттанушы – Шаңбай Тұрдығұл Қасенұлы; «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының Семей бөлімінің басшысы – Мәзібаев Бақытбек Иманбекұлы және Кітапханамыздың тұрақты оқырманы, ұзақ уақыт жылқы шаруашылығымен айналысқан зейнеткер - Шыңғыс Серікбай мен Астана қаласынан арнайы келген қонақ Нұрпейісов Асқар Қамзаұлы қатысты.

Іс-шара басында қазақ халқының ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, Наурыз мейрамының тарихы, көшпелілер өркениетінде алатын орны, жылқы түлігінің шығу тегі, қолға үйрету тарихы, жалпы және салалық зоотехния, иппология, көнетүрік және қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі тұлпар бейнесі, жылқы шаруашылығы тақырыптары қарастырылды.

Шара барысында Қайрат Жәлелұлы Исхан мен Айбек Мүталапханұлы Кәрімовтың құрастыруымен шыққан «Жылқы түлігі» атты ғылыми-танымдық жинақтың таныстырылымы өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушы қонақтар тақырыпты жан-жақты талдады. Зейнолла Қалымбекұлы жылқы түлігінің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері жайлы айтса, Айбек Мүталапханұлы көшпелілер өркениеті, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері туралы, ал Мұхтарбек Қарпықұлы жылқы түлігінің көшпелілер өркениетіндегі алатын орны жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, Шыңғыс Серікбай жылқы шаруашылығы жайлы өз естеліктерімен бөліссе, Тұрдығұл Қасенұлы жастардың білім алуы, еңбек етуі, жеке ойларының қалыптасуы туралы айтып, Асқар Қамзаұлы қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайлы өз ойымен бөлісті.

М.Төлебаев атындағы Музыка училищесінің 4-курс студенттері Арқаш Ақжігіт Ықылас Дүкенұлының «Ерден» күйін, Кәрімхан Нұрдәулет Ақан серінің «Құлагер» әнін орындап, №22 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Берікханов Ердос Абайдың «Қыран, бүркіт не алмайды, салса баптап» атты өлеңін оқыды.

Шараға жалғасында «Қазынаға толы қазақ елі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Іс-шара қорытындысында «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық еңбегінің авторы Айбек Мүталапханұлы Кәрімов сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ Зейнолла Қалымбекұлы жастарға батасын берді.

 

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана