Оқитын дос іздеймін

Оқитын дос іздеймін

Халықаралық балалар кітабы күні - бұл балалар әдебиетін, оның маңыздылығын және кітап оқуды насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінде атап өтілетін ерекше күн. Әрбір баланың кітаппен танысуы оның болашағына маңызды қадам болып табылады, өйткені кітап тек білім ғана емес, сонымен қатар рухани байлықтың көзі.

Осы орайда «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында №6 гимназияның 4 «Д» сынып оқушыларының қатысуымен «Оқитын дос іздеймін...» атты оқитын аялдама өтті.

Шара басында кітапхана қызметкері Халықаралық балалар кітабының тарихына тоқталып, 2 сәуір – Халақаралық балалар кітабы, бұл күн әйгілі дат ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай 1967 жылдан бері аталып өтетінін, осы күні дүниежүзі бойынша, соның ішінде Қазақстанда да, кітап көрмелері, жазушылармен кездесулер, оқу байқаулары мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті. Слайд тұсаукесердің көмегімен кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптармен таныстырып,  кейбір кітаптардың мазмұнына тоқталды.

Кітапхананың оқу залында «Ертегілер», «Бәрін білгім келеді» және «Ойын алаңы» атты аялдама кітап көрмесі ұйымдастырылып көрмеге әр аялдамалардың атына сай кітаптар қойылды.

Әр аялдамада балалар жұмбақтар шешіп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, сондай-ақ «Ертегінің атын тап», «Дұрыс жауапты таңда» сынды танымдық тапсырмаларға қатысты.

«Ойын алаңында» арқан тарту, шеңбер, пазыл құрастыру сияқты ашық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Барлық іс-шараға қатысқан балалар, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Кітапханашы кітап көрмесіне шолу жасап, балаларға арналған мерзімді басылымдармен таныстырды. Арнайы  QR код белгісі бар кітап  ілініп, сол код арқылы қажетті шығармаларды тауып оқуға кеңес берілді.

Сонымен қатар, №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері №8 мектептің 3 сынып оқушыларының қатысуымен «Шебер қолдар» үйірмесі аясында «Кітап патшалығына саяхат» атты әдеби саяхат  өткізді.

 Шара басында кітапхана қызметкері кітаптың баланың жеке басын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударып, оқу көкжиектің кеңеюіне, қиялдың, адамгершілік қасиеттердің дамуына ықпал ететіні және білімнің сарқылмас көзі екенін атап өтті.

Әдеби саяхатты балалар «Кім жылдам?», «Кейіпкерді тап», «Сурет бойынша әңгіме» атты әдеби ойынмен жалғасты. Сондай-ақ қатысушылар Г.Х.Андерсеннің «Ертегілер» жинағынан, Г.Б.Атжанованың «Бақытты балаларға арналған таңғажайып ертегілер», Ә.Ақпанбетұлының «Үш мақтаншақ» атты кітаптарынан үзінділер оқыды.

Шара қорытындысында «Күш - білімде, білім - кітапта» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге шолу жасалды.

Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері №32 мектептің 2 «Г» сынып оқушыларының қатысуымен «Кітапханадағы сиқырлы күн» атты әдеби ойын-саяхат өткізді.

Іс-шара басында кітапхана қызметкері алғашқы кітапханалар мен кітаптардың пайда болуы туралы танымдық әңгіме жүргізді. Кітаптың адамзаттың ең ұлы жетістіктерінің бірі ретіндегі маңыздылығына ерекше назар аударылып, ол адамды бүкіл өмірі бойы серік етіп, сенімді білім көзі қызметін атқаратынын айтты.

Әрі қарай кітапханашы қатысушыларды қызықты станциялар бойынша саяхатқа шақырды. Бір станциядан екіншісіне ауыса отырып, балалар түрлі тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап берді. Әрбір станция тапсырмалардың мазмұнына сәйкес тақырыптық атауға ие болды.

Барлық қатысушылар алты станцияға барды. Бірінші «Кітапхана және мен» станциясы кітапхана қызметіне қатысты сұрақтарға арналды. Келесі «Халық даналығы» станциясында «Жақсы кітап - ең жақсы дос», «Кітап - ең жақсы сыйлық», «Кітап - білім бұлағы» сынды кітап пен оқу туралы мақал-мәтелдерді толықтыру тапсырмаларын орындады.

Келесі станциялар: «Ертегі кейіпкерінің портреті», «Сиқырлы заттар», «Жұмбақты тап», «А.С.Пушкиннің ертегілері» деп аталды. Бұл станцияларда қатысушылар әдеби шығармалар бойынша білімдерін, тапқырлықтарын және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

№12 кітапхана-бөлімшесінде «№3  бөбекжайы» тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Мен оқыған кітап кейіпкері» атты дефиле кеші өтті.

Іс-шара басында кітапханашы балаларға кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы айтып, кітап қызықты ертегілер әлемін ашып, ғажайып оқиғаларға жетелейтінін атап өтті.

Әрі қарай балалар шығармалардың кейіпкерлеріне айналып, арнайы дайындалған костюмдерімен сахнада дефиле көрсетті.

Кеш қорытындысында ертегі кейіпкерлеріне байланысты қызықты ойындар ұйымдастырылып, сергіту сәті өткізілді. Сонымен қатар, «Мен оқыған кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана