
Семей қаласы мәслихатының кезекті 55 сессиясының отырысы өтті. Отырысқа қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысты.
Күн тәртібінде қала әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі, Семей қаласының 2025 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есеп, қалалық мәслихаттың 2025 жылы атқарған жұмысы мен оның тұрақты комиссияларының қызметі, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ақпарат, сондай-ақ 2026 жылға арналған шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін бекіту мәселелері қаралды.
Әділет Нұрсағатұлы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөнінде баяндама жасады.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалғанын атап өтуге болады. Өнеркәсіп өнімі 380,4 млрд теңге көлемінде орындалды. Өсу қарқыны 116,5%, нақты көлем индексі – 100,2%. 2025 жылы Семей қаласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 194,7 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артық (165,4 млрд теңге), нақты көлем индексі – 114,4%», – деді қала басшысы.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2025 жылы қалада 52 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 100 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 100 аула асфальтталмақ.
Аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Өткен жылы 35 аула абаттандырылса, биыл 100 аула аумағын абаттандыру көзделген.
Қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. 2025 жылы 15 көше жарықтандырылса, биыл 100 көшені жарықтандыру жоспарланған.
Сессия барысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.