
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Кітапхана және экомәдениет» атты интерактивті танымдық бағдарлама өтті.
Шараға «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі Құндақбай Нұрлан Тұрсынұлы, «Қазтұтыну одағы агробизнес және экономика колледжінің» студенттері және Шәкәрім университеті Green fields технологиялары кафедрасының 2 курс студенттері қатысты.
Танымдық бағдарлама басында «Табиғатты аяла - болашақты сақта» атты слайд көрсетіліп, табиғатты қорғауға қатысты танымдық ақпараттар ұсынылды. Қатысушыларға табиғатты қорғаудың қарапайым жолдары, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті және әр адамның табиғат алдындағы жауапкершілігі жайлы түсіндірілді.
Іс-шара қонағы Нұрлан Тұрсынұлы Құндақбай қазіргі қоғамдағы экологиялық мәдениеттің маңызын атап өтіп, қоршаған ортаны қорғау әрбір адамның ортақ жауапкершілігі екенін түсіндірді. Сонымен қатар, адам мен табиғаттың үйлесімді өзара әрекеттесуі және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығы туралы ақпарат берілді.
Шара барысында қазіргі заманғы технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Қатысушыларға білім беру саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктері көрсетіліп, оның көмегімен дайындалған экологияға қатысты материалдар, соның ішінде суреттер, мәтіндер және табиғатты қорғау бойынша тәжірбиелер ұсынылды.
Интерактивті бөлімде тақырыптық ойындар, соның ішінде экологиялық мәселелердің шешімін табуға бағытталған «ЖИ - эко-кеңесші» ойыны өткізілді. Сондай-ақ «Жасанды интеллект бойынша викторина» мен шеберлік сағаты ұйымдастырылып, оның аясында қатысушылар ЖИ технологияларын қолдану арқылы қоршаған ортаны қорғау бойынша өз идеяларын ұсынып, шығармашылық жұмыстарын таныстырды.
Сондай-ақ, «Болашақ кітапханасы» атты тапсырма ұйымдастырылды. Бұл тапсырма қатысушыларға жасанды интеллектіні қолдана отырып, экологиялық бағыттағы кітапхана кеңістігінің тұжырымдамаларын ұсынуға мүмкіндік берді.
Шара соңында экология, қоршаған ортаны қорғау және рухани даму мәселелеріне арналған кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жүргізілді.
Қалалық орталық кітапхана