
Семей қаласының тұрғындары Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті.
Мерекелік шаралар таңғы сағат 10-нан басталды. Орталық алаңда 12 киіз үй тігіліп, театрландырылған қойылым қойылды. Күндізгі концертте «Agugai» тобы, «Жігіттер» квартеті және Тоқтар мен Бейбіт әннен шашу шашты. Ал Арбатта жастар, IT және жасанды интеллект алаңдары жұмыс істеді.
Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық жарыстардан жүлдегерлер анықталды. Ауылдардың атауына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттарынан шағын мұражай ұйымдастырылды. Ақшаңқан қазақ үйлерді облыстық басқармалар, қала әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жеке мекемелер, қоғамдық ұйымдар, жоғарғы оқу орындары құрды.
Бас алаңнан бөлек қаладағы 5 алаңда мереке бір уақытта тойланды. Әуезов алаңы, Тері-былғары зауыты, Теміржол вокзалы, Юность, Қарағайлы шағын ауданы, «Asimа» СҮ киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар қойылды. Нәтижесінде қала көлемінде 40-қа жуық қазақ үй тігілді.
Сонымен қатар арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.
Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараларды 50 мыңнан астам тұрғын тамашалады.