
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы аясында 20 наурыз - Ұлттық спорт күніне арналған «Дәстүрге толы Наурыз» атты ұлттық ойындар кеші өтті.
Іс-шара оқушылардың Наурыз туралы өлеңдер оқуымен басталды.
Кітапхана қызметкері Наурыз мейрамының мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, оның шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басталуын білдіретін жаңару мен жаңғырудың символы екендігін атап өтті. Сонымен қатар қазақ халқының бай салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық киімдері мен музыкалық өнері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Шараның жалғасында қатысушылар екі топқа бөлініп, қазақтың ұлттық ойындарына белсене қатысты. Атап айтқанда, «Теңге алу», «Асық ату» және «Арқан тарту» ойындары ұйымдастырылып, оқушылар өздерінің ептіліктері мен шапшаңдықтарын көрсетті. «Асық ату» ойынында командалар мергендік бойынша сайысқа түсіп, белгіленген екі метр қашықтықтан шектеулі мүмкіндікте асықтарды дәл тигізуге тырысты. Ал «Арқан тарту» ойыны қатысушылардың күш-қуатын, ұйымшылдығы мен бірлігін айқындап, жеңіс топ мүшелерінің үйлесімді әрекетіне байланысты болды. «Теңге алу» ойынында қатысушылар қозғалыс үстінде тиынды іліп алып, өздерінің ептілігі мен жылдамдығын көрсетті. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген команда жеңімпаз атанды.
Оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, білімдерін тереңдету үшін, ұлттық құндылықтарға арналған викторина өткізіліп, онда қатысушылар қазақ халқының дәстүрлері, ұлттық тағамдары, киімдері, тұрмысы және музыкалық аспаптары туралы сұрақтарға жауап берді.